Оқиға Күршім ауданында болған
Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзып, күзет бөлімінің бастығын балағаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі YK-news.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Күршім ауданында, 29 тамыз күні тіркелген. Азамат Н. қоғамдық орында, Маралды ауылындағы шағын кәсіпорын қызметкерлерінің көзінше, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қауіпсіздік қызметі басшысына бейәдеп сөздер айтып, агрессия танытқан. Сонымен қатар ол қорлайтын сипаттағы әрекеттер жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Бұл туралы ШҚО сотының баспасөз қызметі:
«29 тамыз күні азамат Н. қоғамдық орында, шағын кәсіпорын өкілдерінің көзінше, ЖШС қауіпсіздік қызметі басшысына бейәдеп сөздер айтып, агрессиялық әрекеттер көрсеткен. Оның бұл әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзуға алып келді», – деп хабарлады.
Сот отырысы барысында азамат өз кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке баруына мекеме қызметкерлерінің жанармай құю кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуы себеп болғанын айтқан.
Алайда сот азаматтың бұрын да әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын ескеріп, оны «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулік әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.