Ол отандасымызды желідегі парақшасында арнайы белгілеп қойды
«Қайраттың» 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмұрзаға «Реалдың» голкипері Тибо Куртуа матчтан кейін ақылын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бельгиялық қақпашы Алматыда өткен ойыннан кейін желідегі парақшасына суреттер жариялап, Шерхан Қалмұрзаны арнайы белгіледі.
Ал «Қайраттың» қақпашысы Тибо Куртуамен түскен суретін жариялап, қарсыласына алғыс білдірді.
«Керемет адам. Қүнды тәжірибе бергеніңіз үшін рақмет», – деп жазды Шерхан Қалмұрза.
Жас талантты Тибо Куртуа да назардан тыс қалдырған жоқ. Жазбасының астына ағалық ақылын жазып кетті.
«Тынымсыз жаттығуыңды жалғастыра бер. Сәттілік серігің болсын!» – деп жазды Тибо Куртуа.
Айта кетейік, Алматыда өткен матчта «Реал» «Қайратты» 5:0 есебімен жеңіп кетті. Алайда сейвтерінің арқасында Шерхан Қалмұрза көпшіліктің көзайымына айналды.