Жыл сайын олар 50 жоба әзірлейді
Астанада 2 қазанда өтетін «Digital Bridge» форумында халықаралық жасанды интеллект орталығы «ALEM AI» ресми түрде ашылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жоба жайлы айтып берді.
«Бұл жоба – таланттарды, зерттеушілерді, кәсіпкерлерді және мемлекеттік қызметкерлерді біріктіретін, қазақстандық жасанды интеллект шешімдерін дамытуға бағытталған алғашқы ауқымды экожүйе. Орталықтың жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайды, ғимарат 8 қабаттан тұрады. Мұнда білім беру бағдарламалары, зертханалар, стартап алаңдары және тұрғындарға арналған интерактивті кеңістіктер орналаспақ», - дейді министр.
«Бірінші қабатта қоғамдық кеңістік, хакатондар мен іс-шараларға арналған аймақ, жасанды интеллект музейі, AI-кинотеатр, балаларға арналған интерактивті аймақ ашылады. Мұнда келушілер жаңа технологияларды тамашалай алады», - деді ол.
Екінші және үшінші қабаттарда әлемге танымал «TUMU Education» бағдарламасы іске қосылады.
«12-18 жас аралығындағы оқушыларға 3D-моделдеу, компьютерлік графика, музыка мен фильм өндірісі, робототехника және генеративті жасанды интеллект оқытылады. Жыл сайын 5-6 мың оқушы қосымша IT-білім алады», - деді ол.
Аймақтарда шағын «TUMU-бокстарын» ашу жоспарда бар. Бұл бастама ауылдық жерлердегі балаларды да заманауи біліммен қамтуға бағытталған.
«Төртінші және бесінші қабаттарда 18 жастан асқан жастарға арналған «TUMU Road School»жұмыс істейді. Мектеп француз кәсіпкері, «Ecole 42» негізін қалаушы Николя Адиракпен серіктестікте ашылады. Ерекшелігі – оқыту процесінде дәстүрлі мұғалімдер болмайды, peer-to-peer жүйесі қолданылады. Жылына мыңға жуық студент тегін оқып, 50-ден астам IT-жоба жасайды»,- деді ол.
Алтыншы қабатта «EI Campus» стартап алаңы орналасады. Мұнда «Astana Hub» пен Google for Startups, «Alchemist», «StartX», «Draper University» секілді халықаралық бағдарламалар іске қосылады. Сондай-ақ, жергілікті «EI Preneurs» бағдарламасы бойынша жас мамандар шағын стартаптарға айналады.
Жетінші қабатта ірі технологиялық компаниялар зертханалары жұмыс істейді. Google, Telegram, G42, Preside, Smart City және блокчейн зертханалары ашылмақ. Сонымен қатар, қазақстандық ірі IT-компаниялар да бұл бастамаға қосылуды жоспарлап отыр.
Сегізінші қабатта AI-driven government моделі іске асырылады. Бұл алаңда мемлекет, бизнес және ғылым өкілдері жасанды интеллект шешімдерін экономика салаларына енгізу бағытында бірлесіп жұмыс істейді.
«ALEM AI» – әлемде теңдесі жоқ жоба. Оның философиясы – жасанды интеллектті қоғамның барлық деңгейіне енгізу: балалардан бастап студенттерге, стартаптардан бастап ірі компаниялар мен мемлекеттік құрылымдарға дейін. Жоба аймақтық қана емес, жаһандық деңгейде де ауқымды болмақ.