Олар жылына 1800%-дан жоғары кіріс табатынына уәде еткен
Алматы қаласында «Boxy Wealth» қаржы пирамидасының былығы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, салымшыларға жарнамалық материалдарды қарау арқылы жоғары табыс табуды ұсынған. Олар күн сайын 5%-дан 10%-ға дейін, яғни айына 150%-дан астам және жылына 1800%-дан жоғары кіріс табатынына уәде еткен.
Сондай-ақ, рефералдық сілтемелер арқылы жаңа қатысушыларды тартқан жағдайда 10% көлемінде дивиденд төлеу қарастырылған.
Салымшылардың ақшалай қаражаттары дропперлердің атына рәсімделген банк карталарына қабылданып, кейін жасыру мақсатында пайдаланылған криптовалюта әмияндарына аударылған.
«Қазіргі уақытта 230 млн теңге көлемінде залал келтірілген 180-нен астам азамат жәбірленуші деп танылған.
Қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҚМА хабарламасында.