Ол БАҚ өкілдеріне берген пікірінде нақты салынатын орынды атады
Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның оңтүстігінде тағы бір АЭС салынатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол Парламент Мәжілісінің кулуарында БАҚ өкілдеріне берген пікірінде екінші АЭС-ке қатысты мәлімет берді.
«АЭС-тің келесі алаңы Алматы облысындағы Жамбыл ауданы болып таңдалды. Яғни, бізде екінші станциямыз да еліміздің оңтүстігінде болады.
Біз АЭС салу бойынша конкурсқа қатысушылардың бәрімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ал Қытайдың CNNC компаниясына қатысты түбегейлі шешім қабылданған жоқ. Бірақ біз бұл компанияны АЭС салу бойынша басымдық берілген мердігер ретінде қарастырамыз деп үнемі айтып келеміз», – дейді Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында Қазақстанда тағы бірнеше АЭС салу мәселесін көтерген болатын.
Қазіргі уақытта Алматы облысының Үлкен ауылында еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысы жүріп жатыр.