Көкшетауда ірі есірткі арнасы анықталды
Ақмола облысында көліктегі полиция қызметкерлері жекеменшік үйдің ауласынан ірі көлемде есірткі заты – марихуана өсімдіктерін тапты. Тәркіленген өсімдіктің жалпы саны – 472 түп, салмағы шамамен 72 килограмм болды, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
52 жастағы жергілікті тұрғын ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі бойынша тіркелген.
Бұған дейін Жетісу облысында Алматыдан есірткі тасымалдаған 51 жастағы күдікті ұсталған. Одан 10 кг-нан астам марихуана тәркіленген. Бұл көлем тыйым салынған затты 10 мыңнан астам адамға жеткізуі мүмкін еді.
Ал Жамбыл облысында 76 жастағы тұрғынның ауласынан 164 түп марихуана өсімдігі мен 96 кг-нан астам кептірілген есірткі табылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның үйлесімді жұмысының арқасында елімізде есірткінің таралуына тосқауыл қойылып отыр. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге қатаң шара қолдануды жалғастырады.