«AMANAT» кеңесінде Жолдау міндеттері, жылыту маусымы және жаңа ұлттық жобалар сөз болды
«AMANAT» партиясы жанындағы өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде атаған тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев президенттің Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты маңызды мәселе айтылғанын тілге тиек етті.
«Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту тұрақты дамудың негізгі факторы екенін президент атап өтті. Осы бағытта істеліп жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы өнеркәсіп және құрылыс, су ресурстары және ирригация салаларының өкілдері ақпарат береді. Жылыту маусымы қарсаңында өңірлерде де қандай жұмыстар атқарылғаны маңызды», - дейді депутат.
Елде осы салада қандай жұмыс істелгені жайлы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажыкенов айтып берді.
Оның айтуынша, еліміздің коммуналдық инфрақұрылым жүйелерінің тозуының жоғары деңгейі мен технологиялық тұрғыда ескірген жабдықтарға байланысты тұрғын үйлер сын көтермейтін жағдайға жетіп отыр.
«Бұл халықтың өмір сүру сапасы мен экономиканың дамуына теріс әсер етіп отыр. 2020 жылы Мемлекет басшысының Жолдауы аясында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қабылданды. Жоба электр, жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тозған желілерін жаңарту мен ауыстыруға, сондай-ақ ресурстарды басқаруды жеңілдету үшін заңнамалық, цифрлық және энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге бағытталған», - дейді Қажыкенов.
Ұлттық жобаның негізгі міндеттері:
«Жоба аясында техникалық оператор Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы («Қазорталық»), қаржылық оператор ретінде «Бәйтерек» холдингі болып бекітілді. Барлық жобаларды іске асыру қағидаттары негізділік, тиімділік және басымдыққа негізделеді. Сондай-ақ 2026 жылдан бастап бірыңғай электронды платформа іске қосылады. Онда жобаларды іріктеу, келісу, қаржыландыру, мердігерді анықтау, тариф белгілеу және мониторинг жүргізу модульдері қарастырылған. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардан құны 721,4 млрд теңгені құрайтын 200-ден астам жоба ұсынылды, олардың 87-сіне оң қорытынды берілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», - дейді ол.
Ал су ресурстары министрлігінің су шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Нұрбек су шаруашылығы саласын жаңғырту және орнықты дамыту үшін министрлік 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасын, кешенді жоспарды және жаңа Су кодексін қабылдағанын айтты.
«Бұл құжаттар гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғыртудан бастап, заманауи цифрлық технологияларды енгізуге дейінгі негізгі мәселелерді қамтиды. 2024 жылы министрлік Ислам даму банкі арқылы мемлекеттік кепілдікпен инвестициялар тартты. 2025 жылдың IV тоқсанынан бастап алғашқы 115 каналдың (2 мың шақырым) реконструкциясы басталады. Кейінгі кезеңде 5 мың шақырымнан астам канал жаңартылады», - деді ол.
Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу үшін мемлекет инвестициялық шығындардың 80%-на дейін өтейді. Соның арқасында су үнемдеу жүйелері қолданылатын егістік көлемі 2023 жылғы 313 мың гектардан 2024 жылы 580 мың гектарға жетті, ал 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға дейін ұлғаяды.
«Жаңа Су кодексі бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары жеті жыл ішінде суды айналымдық және қайталама пайдалану жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге міндетті болады. Бұл шара 2030 жылға қарай қайта қолданылатын су үлесін 13%-дан 28%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Су ресурстарын басқару үшін ұлттық ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Ол жер үсті және жер асты сулары туралы деректерді біріктіріп, жасанды интеллект көмегімен елдің су балансын есептеп, суды пайдалану процесін тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап 103 канал, ал 2028 жылға дейін 264 канал толық автоматтандырылады», - дейді ол.
Комитет төрағасы атағандай, министрліктің инфрақұрылымдық нысандарды салу және жаңарту, су ресурстарын цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстары климаттық тәуекелдердің артуы жағдайында елдің су ресурстарын тиімді әрі тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.