Ғани Бейсембаев 2023-2025 жылдар аралығында оқу-ағарту министрі болған
Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғани Бейсембаевты оқу-ағарту министрі лауазымынан босатқан еді. Бейсембаев осы жылдардағы қызметіне есеп беріп, әріптестеріне алғыс айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялаған ол ең алдымен Президентке алғыс білдірді.
«Еліміздің ең жауапты да аса маңызды саласын 2023 жылы басқаруға сенім білдірген Мемлекет басшысына айрықша құрметім мен шынайы алғысымды білдіремін. Қарапайым ұстаз ретінде мен үшін бұл үлкен мәртебе әрі бүкіл педагог қауымының еңбегіне берілген жоғары баға деп есептеймін. Президентіміздің тікелей қолдауының арқасында педагогтердің еңбекақысы екі есе көтеріліп, “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданып, екі жылда үш ұстазға “Еңбек Ері” атағы беріліп, “Келешек мектептері” жобасы қолға алынғаны белгілі», – деп жазды Бейсембаев.
Оның айтуынша, өзі министр болған кезде жаңа мектептер салынып, мұғалім мәртебесі артып, балалардың қауіпсіздігі күшейіп, заманауи бағдарламалар әзірленіп, инклюзивті әрі тең білім беруге үлкен қадамдар жасалды.
«Сондай-ақ алғаш рет мектептегі бала тәрбиесіне аса мән беріліп, бірыңғай тәсілдері бекітілді. Бұл жетістіктер Президенттің тікелей пәрмені мен 600 мың педагогтің үздіксіз төккен маңдай терінің жемісі, бірлесе атқарған ортақ жұмыстың жеңісі. Сол үшін еліміздің барлық педагогтері мен ардагер-ұстаздарға сенім мен қолдау білдіргендеріңіз үшін шексіз ризашылығымды айтамын. Табандылықпен атқарған адал еңбектеріңіз ісімізге қуат беріп, шабыт сыйлады. Сондықтан қабылдаған әр шешіміміз білім беру ұйымдарында жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, мұғалім қызметінің мәртебесі мен маңызын арттыра түсті», – деді ол.
Өз жазбасында ол ата-аналарға, БАҚ өкілдеріне, үкіметтік емес ұйым басшыларына да алғыс білдіріп, олармен арадағы әріптестік байланыс мектептегі баланың мықты тұлға болып қалыптасуына көп ықпал ететініне сенім білдірді.