Оралда ер адам мектептен қайтып келе жатқан 10 жасар қыз баланы буындырмақ болды

Автор: Асыл Арман

Қазіргі уақытта осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: istockphoto.com

Оралда ер адам 10 жасар мектеп оқушысына шабуыл жасап, оны арқанмен буындырмақ болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 29 қыркүйекте Зачаганск кентінде болған. Белгісіз ер адам №20 мектептің оқушысын сабағынан үйіне қайтып келе жатқанда тоқтатып, арқанмен қылқындырмақ болған.

Әлеуметтік желіде оқиғаның куәгерлері жағдайды баяндап, қызды біреу қорқытқан болуы мүмкін екенін жазды.

«Қыз баланың қалай қорыққанын елестету қиын. Бұл – сұмдық. Біреу қатты қорқытқан сияқты», – деді аудан тұрғыны.

Оның айтуынша, ата-аналар балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқып отыр.

БҚО Полиция департаменті мектеп оқушысына шабуыл жасалғанын растады.

«Кәмелетке толмағанға қарсы заңсыз әрекеттер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысқа қатысы бар адамды ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүріп жатыр. Балаларға қарсы қылмыстар – қоғамдағы ең ауыр әрі төзімсіз қылмыстардың бірі. Күдікті міндетті түрде ұсталады», – деп хабарлады полиция.