Құны 17,7 млн теңгелік автокөлік дауына нүкте қойылды
Жамбыл облыстық соты құны 17,7 млн теңге болатын автокөлік саудасына қатысты ұзаққа созылған дауға нүкте қойды. Сот шешімімен сатушының құқығы қорғалып, көліктің толық құны өндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметінше, 2024 жылдың наурыз айында тараптар арасында жазбаша келісім жасалған. Оның шарттарына сәйкес, талапкер жауапкерге Toyota Camry маркалы автокөлікті 17,7 млн теңгеге сатқан.
Жауапкер көлікті бөліп төлеу арқылы алу үшін 4 ай мерзімге қолхат жазып берген.
Алайда ол өз міндеттемесін орындамаған – ақшаны қайтармай, әр жолы қарызды «жақын күндері өтеймін» деп уәде берген. Осыған байланысты талапкер полицияға алаяқтық фактісі бойынша арызданғанымен, қылмыстық іс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Даудың мәні азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға тиіс болды. Сотта жауапкер О. көлік үшін ақшаны ішінара төлегенін айтқан, алайда оның сөзіне дәлел болатын құжаттар ұсынылмаған.
Нәтижесінде аудандық сот талапкердің талабын толық қанағаттандырды. Жауапкерден 17,7 млн теңге қарыз сомасы және 177 мың теңге мемлекеттік баж өндірілді.
Алайда ер адам бұл шешімге шағымданып, сот актісін өзгертіп, тек қарыздың бір бөлігін ғана өндіріп беруді сұрады.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларын дұрыс әрі істің нақты мән-жайына және заң талаптарына сәйкес деп тапты. Осылайша, сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.