ҚМА қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы жұмыс жүргізуде
Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз криптовалюталық операцияларды әшкерелеп, есірткі бизнесінің кірістерін заңдастыруға қызмет көрсеткен «RAKS exchange» платформасын жапты. Оның айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) цифрлық валютаны пайдалану арқылы жүзеге асырылатын заңсыз қаржы айналымдарын анықтап, олардың жолын кесуде.
Тексеру барысында интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен кірістерді заңдастыруға қызмет көрсеткен «RAKS exchange» криптоайырбастау сервисі әшкереленді. Бұл платформа қылмыстық ортада жоғары беделге ие болып, 20-дан астам ірі Darknet нарығымен жұмыс істеген. Оның 5 миллионнан астам қолданушысы болған.
Соңғы үш жылда аталған сервис арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағындағы 200-ден астам есірткі дүкенінің кірістері заңдастырылған. Платформаның жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан.
Тергеу кезінде 4 мыңнан астам криптовалюта әмияндары зерттеліп, заңсыз активтер сақталған 67 әмиян бұғатталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT немесе 5,2 млрд теңге болатын цифрлық активтердің айналымы тоқтатылды.
Қазіргі уақытта сервис толықтай жабылды: әлеуметтік желідегі парақшалары өшірілді, клиенттерге қызмет көрсетуі тоқтатылды. Darknet форумдарында есірткі дүкендері тарапынан қаржылық міндеттемелердің орындалмауына қатысты жаппай шағымдар тіркелуде.
ҚМА-ның айтуынша, қабылданған шаралар есірткі бизнесінің көлеңкелі инфрақұрылымына елеулі соққы беріп, жеткізу тізбегінің логистикасын бұзды және тұтынушылардың заңсыз платформаларға деген сенімін төмендетті. Цифрлық құралдарды пайдалану арқылы қылмыстық кірістерді жылыстату схемаларын жою бойынша жұмыстар жалғасуда.