Ол 1,5 жыл ішінде 45 медаль жеңіп алып, 8 мәрте рекорд орнатқан
Астанада мектеп ұстазы Айгүл Ержанова бірнеше тонна тартатын ауыр жүк көлігін орнынан қозғап, жаңа рекорд орнатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана әкімдігінің мәліметінше, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Ержанова – 30 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз. Ол – ҚР Президентінің қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған.
Айгүл Ержанова спорт әлеміне 52 жасында қадам басып, қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, алғашқы 1,5 жыл ішінде 45 медаль жеңіп алып, 8 мәрте рекорд орнатқан. Оның ішінде Мысыр елінде өткен халықаралық пауэрлифтинг чемпионатында қос алтын медаль жеңіп алып, әлемдік рекордты жаңартуы – көпшіліктің есінде.
«Мен әрдайым өзімді жетілдіруге, жаңашылдыққа ұмтылып отырамын. Бұл әрекетім арқылы ұстаз да, әйел де, ана да кез келген арманына жету мүмкін екенін дәлелдегім келеді», – дейді Айгүл Тілеужанқызы.