Үндістанда саяси шеру кезінде дүрбелең болып, қырыққа жуық адам қаза болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Одан бөлек 50-ден аса адам жарақат алды

Фото: BBC

Үндістанның оңтүстігіндегі Тамилнад штатында өткен саяси митинг кезінде дүрбелең болып, салдарынан қырыққа жуық адам қаза тапты. Олардың арасында балалар да бар. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Карур округінде актер әрі саясаткер Виджайдың сайлауалды шарасына ондаған мың адам жиналған.

Басылымның мәліметінше, іс-шара бірнеше сағатқа кешіктірілген. Теледидар кадрларынан көпшілік ішінде адамдардың есінен танып құлаған сәттері көрсетілді.

Жергілікті аурухана жанында журналистерге сұхбат берген саясаткер Сентил Баладжи қаза тапқандардың санын растады және 51 адамның жарақат алғанын хабарлады.

Штаттың денсаулық сақтау министрі Ма Субраманианның айтуынша, қаза болғандардың ішінде кемінде 17 әйел, 13 ер адам және тоғыз бала бар.

Тамилнад штатының үкімет басшысы Мутхувел Карунанидхи Сталин кейбір адамдардың есінен танып, ауруханаға жеткізілгенін айтты және билік көршілес аудандардан дәрігерлердің көмегіне жүгінгенін қосты.

Сондай-ақ ол қаза тапқандардың отбасыларына бір миллион рупий (шамамен 11 300 АҚШ доллары) көлемінде өтемақы төленетінін және болған жағдайға байланысты тергеу жүргізілетінін жеткізді.