«Барселона» мен ПСЖ: матч алдында екі команданың да басты жұлдыздары жарақат алып қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Олар келесі аптада кездеседі

Фото: Instagram/fcbarcelona

Алдағы аптада өтетін Чемпиондар лигасы аясындағы «Барселона» мен «Пари Сен-Жермен» арасындағы кездесу алдында екі команданың да маңызды ойыншылары жарақат алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірнеше күн бұрын «Барселона» негізгі қақпашысы Жоан Гарсия мен шабуылшысы Рафиньяның алаңға шыға алмайтынын растады. Ал «ПСЖ» бұдан да ауқымдырақ қиындықтарға тап болды.

«Алтын доп» иегері Усман Дембеленің Франция құрамасының оқу-жаттығу жиынында алған жарақатынан кейінгі жағдайы әлі белгісіз. Бас бапкер Луис Энрике негізгі құрамдағы тағы үш ойыншысынан айырылып қалды.

Команда капитаны Маркиньос жамбастың бұлшық етінен жарақат алып, жұма күнгі жаттығуға қатыса алған жоқ. Ол демалыс күндері «Осерге» қарсы ойыннан қалыс қалды, «Барселонаға» қарсы алаңға шығуы екіталай.

Бұл тізімде сол сияқты Дембеле, Дезире Дуэ және Жоау Невеш бар.

Луис Энрике жағдайға қатысты БАҚ өкілдеріне берген пікірінде былай деді:

«Мен алаңдап отырған жоқпын. Бұл – жоғары деңгей. Жарақат алғандар көп, бірақ біз академия ойыншыларына сенім арта аламыз. Бұл әрі бізге, әрі оларға маңызды».

Маркиньосқа қатысты ол: «Ол аздап ауырсынып жүр. Елеулі ештеңе жоқ, бірақ біз тәуекелге бармай, абай болғанымыз жөн», – деді.