Елдің бірқатар өңірінде қар аралас жаңбыр жауады
Қазгидромет 29 қыркүйек күні Қазақстанның басым аумағында қолайсыз ауа райы болатынын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметке сүйенсек, елдің бірқатар өңірінде қар аралас жаңбыр, найзағай, бұршақ, үсік пен қатты жел күтіледі.
Астанада түнде және таңертең тұман түсіп, –1…–3 °C дейін үсік жүреді.
Алматы облысы мен Қонаевта, сондай-ақ Жетісу мен Жамбылда найзағай ойнап, желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Қарағанды облысында түнде қар аралас жаңбыр жауып, кей жерлерде тұман болады.
Батыс Қазақстан облысында –3 °C дейін үсік байқалуы мүмкін. Ал Қостанайда қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ күтіледі. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында қатты жауын-шашын, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр.
Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Жамбыл және тағы бірнеше өңірде өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталады.
Мамандар тұрғындарға жылы киініп, жолға шыққанда абай болуды, найзағай кезінде ашық алаңдардан аулақ жүруді және көлік жүргізушілеріне көктайғақ кезінде барынша сақтық шараларын ұстануды ескертті.