Әлеуметтік нысандарға бірінші кезекте жылу берілді
Елордада 28 қыркүйектен бастап тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға орталықтандырылған жылу қосыла бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін жылу мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге өтініштер бойынша қосылған болатын. Енді қаладағы көпқабатты үйлер де кезең-кезеңімен жылумен қамтылмақ.
«Сыртқы ауа температурасының төмендеуіне байланысты елордада тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды орталық жылу жүйесіне қосу басталды. Барлық объектілер бірнеше күн ішінде толық қамтылады», – деп хабарлады әкімдік.
Мамандардың айтуынша, жылу бір күнде барлық үйге бірдей берілмейді. Ол жүйенің техникалық мүмкіндігіне және дайындық жұмыстарына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі.