Тоқаев халықты Еңбек күнімен құттықтады

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл мерекенің еліміз үшін айрықша мәні бар.

Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының ррезиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құрметті отандастар! Еңбек күні құтты болсын! Бұл мерекенің еліміз үшін айрықша мәні бар. Себебі, еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологиямыздың арқауына айналған құндылықтар. Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз», – деді президент.

Ол еліміздің құндылықтары мен мақсаттарына зор сеніммен қарап, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, әрдайым кәсіби шеберлігін шыңдап, өндірісте жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ұмтылатын және әр істе алғырлық пен жаңашылдық танытатын отандастарымызға шынайы ризашылығын білдіретінін айтты.

«Біз қоғамда адал еңбекті кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелей отырып, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалаймыз. Жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтарымыздың арқасында біз дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін. Қазақстанның барлық азаматтарына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», – делінген құттықтау мәтінінде.