Сирия соты экс-президент Башар Асадты тұтқындау жөнінде ордер берді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол 2011 жылғы қақтығыстарға кінәлі деп танылды

Фото: Remy de la Mauviniere/AP

Дамаск соты өткен жылдың желтоқсанында биліктен кеткен Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадты тұтқындау туралы ордер берді. Айыптар 2011 жылы Дераа провинциясындағы үкіметке қарсы наразылықтарды күштеп басумен байланысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Дәл осы наразылықтар кейін қанқұйлы қақтығысқа ұласып, арты толыққанды соғысқа айналған еді. Өткен жылдың желтоқсанында Асад билікке көтерілісшілер келген соң қашып кеткен, қазір ол отбасымен бірге Ресейде тұрып жатыр.

Sana сириялық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Дераадағы наразылық акцияларын күшпен басу кезінде қаза тапқандардың туыстары сотқа шағымданған. Асадқа қасақана кісі өлтіру, азаптау, заңсыз бас бостандығынан айыру туралы айыптар тағылды.

Сирияның Жоғарғы сотында атап өтілгендей, сириялық сот шығарған тұтқындау ордері Башар Асадты халықаралық іздеу жариялауға, соның ішінде Интерпол желісі арқылы іздестіруге мүмкіндік береді.

Дераадағы наразылықтар 2011 жылдың наурыз айында басталды. Сәуір айының соңында оларды басу үшін қалаға армия бөлімшелері мен бронетехника енгізілді.

Сол кезде елдің қауіпсіздік күштері наразылықты тоқтату үшін демонстранттарға оқ атты. Белсенділердің мәліметінше, Дераадағы алғашқы бір жарым ай ішінде жүздеген демонстрант қаза тапқан.