СҚО-да балаларды қорлап, әлімжеттік жасаған жасөспірімдердің ата-аналары жазаланды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Буллинг оқиғасы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында болды

Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желілердегі мониторинг барысында әшкере болған буллинг ісі СҚО-дағы Уәлиханов аудандық сотында қаралды. Жәбірленушілер – бес бала, ал қорлағандар – екі жасөспірім болып шықты. Сотта жасөспірімдердің ата-аналары кінәларын мойындап, өкінетінін жеткізді. Дегенмен, буллингтің әлеуметтік маңызы ескеріліп, оларға әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі sm1.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Буллинг оқиғасы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында болды.

Соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, буллинг фактісін полиция бөлімінің лауазымды тұлғасы әлеуметтік желілерді мониторинг жасау кезінде анықтаған. Уәлиханов аудандық соты ҚР ӘҚБтК-нің 127-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық істерін жедел қарап, балаларды қорлағаны үшін олардың ата-аналарын жауапкершілікке тартты.

Сот отырысында жасөспірімдердің ата-аналары кінәларын толық мойындап, өкінетіндерін жеткізді. Сот кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қарсы жасалған құқықбұзушылықтың сипатын және буллинг проблемасының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға 10 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 39 мың теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, жарияланған сәтте соттың қаулылары әлі заңды күшіне енбеген еді.