Марқұмның денесі 2024 жылы жылдың тамыз айында котловандардың жанынан табылды
Астанада котловандардың жанынан зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылған әйелдің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Қазылар алқасы қылмыскерді кінәлі деп тауып, оны қатаң тәртіптегі колонияда 14 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Yk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылмының мәліметінше, 2024 жылдың тамыз айында котловандардың жанынан зорлық-зомбылық белгілері бар әйелдің мәйіті табылды.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, 45 жастағы әйелдің өлімі жабық бас-ми жарақаты мен кейіннен миға қан құйылу салдарынан болған. Бұдан бөлек, сарапшылар марқұмның денесінен көптеген дене жарақатын, сондай-ақ беті мен ішінен тілінген жара іздерін анықтады.
«Қылмыскер әйел адамды ауыр затпен ұрып өлтіріп, кейін өлгеніне сенімді болуы үшін оған бірнеше рет пышақсұғып алған», – деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.
Қылмыс ізі суымай ашылды. Қылмыскер бірден қаладан қашып кеткенмен, бірнеше күннен кейін Күршім ауданында ұсталды. Ұсталған адамның жеке заттарының арасынан жәбірленушінің қаны бар айғақты заттар табылды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында оның бұған дейін бірнеше рет сотталғаны, оның ішінде кісі өлтіргені үшін де жазаланғаны анықталды. Ол алғашқыда өз қылмысынан жалтарып, жазадан құтылу үшін психикалық ауытқушылығы бар екенін сылтауратпақ болды. Алайда сараптама нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені анықталды, іс сотқа жолданды.
Сотта ол істі қазылар алқасының қатысуымен қарау құқығын пайдаланды. Бір ай бойы айыпталушы оларды шатастырып, өзін ақтауға тырысып, оқиғаға байланысты өз нұсқаларын ойлап тапты, бірақ қазылар оның уәждеріне сенген жоқ.
Мемлекеттік айыптаушының табанды әрі мұқият жұмысының арқасында сотта айыпталушының кінәсі бұлтартпас дәлелдермен дәлелденді. Ұсынылған уәждер мен айғақтар қазылар алқасында ешқандай күмән қалдырмады, нәтижесінде айыптау үкімі шығарылды.
Қазылар алқасының үкімімен ол әйелді өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, қатаң тәртіптегі мекемеде 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қайғылысы сол – кісі өлтіруге түрткі болған қарапайым ұсақ-түйек, яғни бір-бірін дұрыс танымайтын адамдар арасындағы жанжал адамның өмірін қиды.