Мұндай орындар қоғамның мәдени құндылықтарына қауіп төндіретінін ескертті
Астанада полицейлер жертөледе жұмыс істеген жасырын студияның қызметін тоқтатты. Құқық қорғау органдары мұндай орындар қоғамның мәдени құндылықтарына қауіп төндіретінін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ-нің ресми хабарламасына сәйкес, елордада «Стоп трафик» жедел алдын алу іс-шарасы барысында құқық қорғаушылар сол жағалаудағы тұрғын үй кешенінің жертөлесінде орналасқан жасырын студияны анықтап, оның жұмысын тоқтатты.
Студияның бар екені интернетте жарияланған жарнамалар арқылы белгілі болды. Қазір пәтердің иесі анықталып, ол бойынша заң аясында тексеру жүргізілуде.
«Мұндай орындар халықтың моральдық құндылықтарына елеулі қауіп төндіреді. Әсіресе, рухани және мәдени даму үлгісін көрсетуге тиіс астанада олардың болуы – қоғам үшін үлкен қатер. Кез келген заңға қайшы әрі халықты аздыруға бағытталған әрекет қатаң түрде тоқтатылады», – деп атап өтті министрлік өкілдері.
ІІМ азаматтарды да белсенділік танытып, күдікті әрекеттер мен интернеттегі күмәнді жарнамалар туралы полицияға хабарлауға шақырды.