Қымбат апайым қатал болды, дейді әнші
«1001 түн» бағдарламасына ақын Қымбат Әбілдәқызы мен әнші Қарақат Әбілдина қонақ болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазақстан» телеарнасына сілтеме жасап.
Қарақат Әбілдина Қымбат апайы өмірде де, өнерде де үлгі болғанын атап өтті.
«Қымбат апайым қатал болды. Бұрын бұл қаталдығын ұнатпайтынмын, оны жек көретінмін, бірақ қазір бәріне алғыс айтамын. Апайымның тәрбиесінің арқасында құндылығым мен ұстанымым қалыптасты. Өнердегі алғашқы қадамымда да продюсер болып, сұхбат беруге, ән айтуға, сахнада өнер көрсетуге жол ашты. Әрдайым демеп, қолдап отырғанын ешқашан ұмытпаймын», - деді Қарақат Әбілдина.
Еске сала кетейік, Қарақат Әбілдина «Сырласу» бағдарламасына берген сұхбатында жары Қыдырәлі Болмановтың денсаулығы сыр бергенін айтты.
«Қыдекең денсаулықпен сыналғаны рас. Бірақ ешқашан ешкімге шағымданбаған. Соңғы 2-3 жылдан бері жақсы дәрігерлерден ем алып жүр. Германияға барып жүргенде менің туған күніме тұспа-тұс келіп, туған күнін тойлау үшін барыпты деген қауесет тарады. Сондай әңгімелерге еріксіз күлкім келеді. Бірақ олай емес еді. Қазір енді медицина дамыған, дер кезінде ем-домын алып жатыр», – деді әнші.