Оралда банктер айналымнан шыққан ескі ақшаларды айырбастау үшін комиссия ұстап жатыр

Автор: Асыл Арман

25 қыркүйектен бастап ескі 5000 теңгелік банкноттар жарамсыз болды

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысының орталығында банктер айналымнан шығарылған ескі ақшаларды айырбастау үшін комиссия ұстап жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда 2011 және 2023 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік банкноттар 25 қыркүйектен бастап заңды төлем құралы мәртебесінен айырылды. Ұлттық банк мәліметінше, ескі купюраларды үш жыл ішінде екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде жаңа үлгіге ауыстыруға болады. Ал Ұлттық банк филиалдары мұндай банкноттарды мерзімсіз қабылдай береді.

Оралдықтар комиссияға шағымданды

25 қыркүйектің таңынан бастап Орал тұрғындары екінші деңгейлі банктерге ақша ауыстыруға барған кезде комиссия ұсталатынына наразы болды. Айтуларынша, 20 мың теңгеге дейінгі соманы комиссиясыз айырбастайды, ал одан жоғары сома болса, белгілі бір пайыз ұсталады. Кейбір тұрғындар банкоматтар әлі де ескі 5000 теңгелік купюра беріп жатқанын айтып шағымданған.

Ұлттық банктің түсіндірмесі

Ұлттық банк филиалы хабарлағандай, 2011 жылғы үлгідегі 5000 теңгеліктерді:

  • Ұлттық банк филиалдары мерзімсіз және комиссиясыз қабылдайды;
  • Екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ бөлімшелері үш жыл бойы қабылдайды, бірақ айырбастау тәртібі мен комиссия мөлшерін әр қаржы ұйымы өз ішкі саясатына сай белгілейді.