«Ұрпақтан ұрпаққа: болашаққа жол бүгіннен басталады» атты форум аясында жұмыспен қамту мәселесі талқыланды
Қарағанды облысында Халықаралық жұмысшы жастар форумы өтті. Іс-шараға Қазақстаннан және шет мемлекеттерден келген мыңға жуық жас маман, студенттер, кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарының өкілдері жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұрпақтан ұрпаққа: болашаққа жол бүгіннен басталады» атты форум аясында жұмыспен қамту, мансаптық өсу, кәсіби даму мәселелері талқыланып, қатысушылар тәжірибе мен идея алмасып, болашақ серіктестікке негіз болатын жаңа байланыстар орнатты. Қонақтар қатарында АҚШ, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген делегациялар болды.
«Сіздер — еңбектен қашпайтын, өсуге, дамуға және жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын жас буынсыздар. Дәл осындай мамандар өндіріс, энергетика, көлік пен құрылыс саласын ілгерілетеді. Форумда айтылған барлық ұсыныс пен идея ескерілетін болады. Мемлекет тарапынан әрқашан қолдау бар. Президенттің бастамасымен бұл жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны да осының дәлелі. Бұл — еліміздің болашағы үшін жас мамандардың маңызын айқындау, — деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. — Бүгінде өңірде мыңға жуық зауыт пен фабрика жұмыс істейді».
Бүгінде өңірде мыңға жуық зауыт пен фабрика жұмыс істейді. Онда 130 мыңнан астам адам еңбек етсе, олардың 23 мыңға жуығы — жастар. Ел ертеңі — осындай жігерлі жастардың қолында.
«Жастардың қуаты — шексіз. Бастысы — сәтті жіберіп алмау», — деді ол.
Көпшіліктің жүрегіне әсер еткендердің бірі — протезбен жүгіріп, Қазақстан чемпионы атанған әрі халықаралық жарыстардың жүлдегері, IT-маман Айсұлу Сүлейменова. Ол өмірінің ауыр сынақтарын еңсеріп, берілмей алға ұмтылғанын әңгімеледі.
Форум диалог алаңы ғана емес, еңбектің үздіктерін марапаттайтын мәртебелі сахнаға айналды. «Еңбек жолы» республикалық конкурсының аймақтық кезеңінде жұмысшы мамандықтарының абыройлы өкілдері марапатталды.
Ал КТЖ «Жүк тасымалы» филиалының жетекші инженер-технологы Жұлдызай Байдүйсен «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясында оза шапты. Оның отбасының барлығы теміржол саласында еңбек етеді, сондықтан мамандық таңдауы бала кезінен айқын болған.
«Мен еңбек жолымды қабылдап-тапсырушы қызметінен бастадым. Оқыдым, іздендім, еріктілікпен айналыстым. Бүгінде жауапты қызмет атқарып жүрмін. Жұмысшы мамандықтары үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын өз тәжірибемнен білемін», — деді Жұлдызай.
Форумның ең әсерлі сәттерінің бірі — «Kemel Keleshek» жастар сыйлығын табыстау болды. 16 номинация бойынша өндіріс, көлік, спорт, мәдениет саласына бүгіннен бастап елеулі үлес қосып жүрген жастар марапатталды.
«Бұл — өзге өңірлерде жастарды қолдау бағдарламалары қалай жүзеге асырылатынын білуге, тәжірибе бөлісуге және жаңа серпін алуға тамаша мүмкіндік. Бүгін жұмысшы мамандықтарының болашағы зор. Бастысы — әрекеттен қорықпау», — деді ол.