Дамуында ерекшелек бар қыз бала аман-есен табылды
Қостанай облысында Фёдоров ауданына қарасты Успенов ауылында жоғалып кеткен даму ерекшелігі бар жасөспірім қыз полицейлер, құтқарушылар, волонтёрлер мен ауыл тұрғындарының бірлескен күш-жігерінің арқасында орманнан аман-есен табылып, анасымен қауышты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 24 қыркүйек кешкісін Фёдоров аудандық полиция бөліміне алаңдаған анасы қызының жоғалғаны туралы арызданды. Әйелдің айтуынша, туғаннан бері сөйлеу қабілеті бұзылған әрі дамуында ерекшелігі бар қыз үйінен белгісіз бағытқа кетіп қалған. Бала үйден жеңіл киімде шыққан, бұл кешкі салқын мен ауа райын ескергенде іздеуді едәуір қиындатты.
«Оқиға орнына дереу барлық жедел қызметтер жұмылдырылды. Полиция, ТЖД, қызметтік иттері бар кинологтар, «Регион 10», «Барс», «ДОС» ерікті іздестіру-құтқару жасағы, сондай-ақ мұғалімдер, әкімдік өкілдері және ауыл тұрғындары тартылды. Түнде шамамен 300 адам ауылды, маңайдағы егістік пен орман алқаптарын түгел қарап шықты.
Таңғы беске қарай іздеуге Қостанай, Қостанай ауданы мен Рудныйдан қосымша күштер жіберілді. Әскери бөлім 66/97-нің 100 әскери қызметшісі жұмылдырылды.Таңертең іздеуге 500-ден астам адам қатысты, ұшқышсыз ұшу аппараттары, жылуіздегіш құрылғылар мен техника қолданылды. Операция Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасарлары Нұрбол Саден мен Аманжол Байзақовтың жеке бақылауымен өтті», – делінген ПД хабарламасында.
Ондаған гектар аумақты қамтығанына қарамастан, іздеу бір минутқа да тоқтатылған жоқ.
Таңғы сағат 8 шамасында ауылдан екі шақырым жердегі орман белдеуін тінту барысында төрт полицейден құралған топ қызды байқап қалды. Адамдарды көргенде ол әуелі қашпақ болды, алайда кейін тоқтап, өз еркімен полицейлерге қарай шықты. Санаулы минуттардан соң қыз анасымен аман-есен қауышты.
Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапты екенін еске салады.
«Құрметті ата-аналар! Өтінеміз, мұқият болыңыздар. Әсіресе даму ерекшелігі бар балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Балаларыңызға төтенше жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіндіріңіздер, олардың жүретін бағытын бақылап, үнемі байланыста болыңыздар», – деп атап өтті Қостанай облысы ПД.