Қазақстанның алты бірдей қаласында ауа сапасы күрт нашарлайды

Автор: Асыл Арман

Синоптиктер ескерту жариялады

Фото: freepik.com

Синоптиктердің мәліметінше, бүгін, 25 қыркүйекте, еліміздің алты қаласында ауа сапасы күрт нашарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл құбылыс ауа райының белгілі бір факторларының үйлесуімен байланысты. Мұндай кезде зиянды қоспалар жерге жақын қабатта жиналып, таралмай қалады.

«2025 жылғы 25 қыркүйекте қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Алматы қалаларында, сондай-ақ түнде Астанада күтіледі», – деп мәлім етті «Қазгидромет» РМК.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) – бұл:

  • Тымық ауа райы,
  • тұман,
  • температуралық инверсия.

Олар зиянды заттардың таралуына кедергі келтіріп, олардың жиналуына ықпал етеді. Мұндай кезде ауа сапасы уақытша нашарлайды, әсіресе тығыз қоныстанған немесе өндіріс орындары шоғырланған аймақтарда.