Зейнеткерді итеріп жіберген Амантай қажы жазадан құтылып кетті

Автор: Алмас Ерсін

Зейнеткер әйелдің қандай сомада өтемақы алғаны белгісіз

Фото: istockphoto.com

Алматылық зейнеткерді итеріп жіберіп, оның денсаулығына зақым келтірген атышулы Амантай қажы жазаланбайтын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.

Ол жәбірленушіге моральдық және материалдық шығынын өтеп, қос тарап татуласып тарқасқан.

 83 жастағы қажыға қатысты іс Алмалы ауданының сотында қаралған. Оған жәбірленуші Биғайша Бектенбаева қатысқан жоқ. Ол істі тоқтату туралы өтініш беріпті.

«Зейнеткер әйелдің қандай сомада өтемақы алғаны белгісіз. Тараптардың бір-біріне шағымы болмаған соң, судья да істі тоқтату туралы шешім шығарды», - деп хабарлады телеарна.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Амантай қажының Алматыдағы ғимараттардың бірінің кіреберісінен әйел адамды итеріп жіберген видеосы тараған болатын. Әйелдің жамбасы сынып, оған төрт сағат бойы ота жасалған. Полиция аталған оқиғаны ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша – «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» ретінде бағалаған.

Артынша Амантай қажы жаңадан жөндеуден өткен көпірді аэрозольді бояумен бояймын деп әкімшілік жауапкершілікке тартылды.