Алматыда №65 гимназия асханасының жағдайына ата-аналар наразы болды
Алматыдағы №65 мектеп-гимназияның асханасының антисанитариялық жағдайы ата-аналардың ашуын туғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде асхананың лас күйінде түсірілген фото-видеолар тарады. Онда қоқыс, лас ыдыстар мен көгеріп кеткен табақтар көрсетілген.
«Ас жеткізуге арналған лифтіге ерекше назар аудару керек – ол мақсатты түрде қолданылудың орнына қоқыс жәшігіне айналып кеткен. Астыңғы жағында қоқыс пен лас қалдықтар жатыр, жанында – көгерген ыдыс пен өзге де антисанитария белгілері тұр», – делінген ата-аналардың шағымында.
Ашулы ата-аналар Бостандық ауданы прокуратурасына және санитарлық қызметке жеке кәсіпкердің асхананы қалай жүргізіп отырғанын тексеруді сұрап жүгінген.
Алматы қаласы Білім басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді:
«№65 мектеп-гимназия» директоры ішкі бақылауды әлсіреткені үшін ҚР Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жазаға тартылды. Бұл жағдай аудандық СЭС-ке жеткізілді, ыстық тамақпен қамтамасыз етушіге қатысты тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады ведомство.