Бейнеуде тағы бір сарбаздың соққыға жығылғаны айтылды
Маңғыстау облысында 18 жастағы әскери қызметкер әскердегі әлімжеттік салдарынан өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгеннен кейін психиатриялық орталыққа жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Informburo-ға сілтеме жасап.
Сарбаздың анасы Лаура Шынтемірованың айтуынша, ұлы әскери бөлімде (№99116, Бейнеу ауданы) соққыға жығылып, қорлық көрген. Ал қолбасшылық оны дәрігерге апарамыз деген сылтаумен психиатриялық ауруханаға жасырын түрде жатқызып жіберген.
«Командир қоңырау шалып, ұлымның жүрегі мен бүйрегінде ақау бар, сондықтан дәрігерге апарамыз деді. Анықтай келе, оны психиатриялық ауруханаға жатқызғаны белгілі болды. Бұл туралы маған өзге ата-аналар айтпағанда, мүлдем білмес едім», – дейді ол.
Сарбаздың айтуынша, әскерде жігіттерді ауыр жұмысқа жегіп, әжетханада қорлайды. Тіпті оны жеке үйдің құрылыс жұмысына күштеп, кірпіш тасытуға мәжбүрлеген.
Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқановтың сөзінше, клиникаға өз-өзіне қол жұмсауға бейімделген үш әскери жеткізілген.
«Науқастардың қолында жарақаттар болды. Қазір оларға психологтар мен психотерапевтер көмек көрсетіп жатыр», – деді ол.
Әскери қызметкердің ауруханаға түсуіне байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталған.
Айта кетейік, өткен аптада Алматы облысында 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммед Шынарбек жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ресми нұсқа бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған делінгенімен, отбасы бұған сенбей, тергеу жүргізуді талап етіп отыр.