Автобус жүргізушісі көпір үстінде көз жұмды
Павлодарда көпір үстінде автобус жүргізушісі жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ер адам рульде отырғанында кенеттен жағдайы нашарлап кеткен, десе де ол автобусты тоқтатып үлгерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Ирбис TV»-ге сілтеме жасап.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрда маршруттық автобус пен полиция көліктері, сондай-ақ жерде жатқан адамның денесі көрінеді.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушінің кенеттен жағдайы нашарлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келген.
«Шақыру 21 қыркүйек күні сағат 14:52-де түсті. Оқиға орнында дәрігерлер 1958 жылы туған ер адамның қайтыс болғанын анықтады. Қайғылы жағдайдың нақты себебі белгісіз», – деп хабарлады Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы.
Әлеуметтік желі қолданушылары марқұм жүргізушінің соңына дейін шыдап, автобусты тоқтатып үлгергенін атап өтті.