2022 жылдан бастап халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы тағайындалып келеді
2025 жылы халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанған оқушылар мен олардың тәлімгерлеріне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам біржолғы сыйақы берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Сыйақы көлемі нәтижеге байланысты болады:
Мемлекеттік қолдау оқушыларға ғана емес, олардың жетекшілеріне де қарастырылған.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда мыңнан астам медаль алғанын атап өтті.
«2024-2025 оқу жылында 1720 қазақстандық оқушы 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 193 алтын, 349 күміс және 464 қола медаль бар. Яғни, әрбір екінші қатысушы жүлдегер атанды», - деді Жұмашев.
Оның айтуынша, былтыр 571 оқушы небәрі 172 медаль иеленген. Соның ішінде Қазақстан оқушылары әлем бойынша ең беделді саналатын 7 олимпиадада 27 жүлде еншіледі.
«Дарынды балаларымыз 4 алтын, 13 күміс, 10 қола алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Бұл да өткен жылғы нәтижелерге қарағанда жоғары көрсеткіш», – деді спикер.
Біздің ел халықаралық рейтингілерде де көш басында тұр. Қазақстан құрамасы Халықаралық ғылыми физика олимпиадасында (ISPhO) – абсолютті чемпион атанса, халықаралық география олимпиадасында (IGeO) командалық есепте 2-орынға шықты. Оған қоса, Балқан математикалық олимпиадасында үздік үштіктен көрініп, First Global Challenge әлемдік робототехника чемпионатында үш мәрте жеңімпаз атанды.