Полицейлердің айтуынша, мұндай жағдай осыған дейін де болған
Алматыда полиция халықаралық пошта арқылы есірткі жеткізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ІІМ-ге сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, АҚШ-тан келген сәлемдемеден өсімдік тектес тыйым салынған заттың қомақты мөлшері анықталған.
Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев мұндай жағдай алғаш рет болып тұрмағанын атап өтті:
«Бұл – жалғыз дерек емес, мұндай фактілер бұған дейін де тіркелген. Біз мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін жүйелі жұмыс жүргізе береміз. Заң бәріне ортақ, ал жазаның бұлжымайтындығы – біздің қызметіміздің басты қағидаларының бірі», – деді ол.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицияның мәліметінше, ол қамауға алынған.