Ақтөбелік зейнеткер өз қаржысына бос жатқан жерді саябаққа айналдырып жатыр

Автор: Алмас Ерсін

Ала жаздай мемлекеттен жалға алған екі гектар жерге еккен қарағаш пен көк терек көшеттерін баптады

Фото: freepik.com

Ақтөбелік зейнеткер Серік Қожымов биыл көктемде 500 түп көшет егіп, шаһардың іргесіндегі бос жатқан алқапты жасыл желекке толы демалыс орнына айналдыруды қолға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.

Қарттың басты мақсаты – туған жерге пайдасын тигізіп, жас ұрпаққа табиғатты аялаудың үлгісін көрсету.

Зейнет демалысындағы Серік Қожымов: «Тынығып жатуға уақыт жоқ», - дейді. Ала жаздай мемлекеттен жалға алған екі гектар жерге еккен қарағаш пен көк терек көшеттерін баптады. Оларды суаруға құдық қаздырып, электр желісін тартқан. Мұның бәріне зейнеткер өзінің қаражатын жұмсаған.

«Мұны қолға алған себебім – мен өзім табиғатқа жақындаумын. Мына жерде елді Сая, Мағаджан, сосын Заречный-1 елді мекендері бар.  Халық демалатын орын жоқ. Балалардың баратын жері жоқ. Солар үшін осы жерді алып, болашақта осы жерге саябақ ашқым келеді», - дейді Серік Қожымов.

Жетпісті еңсерген қарияға көршісі әрі замандасы Юрий Михайлович қолқабыс етеді. Қос ақсақал еккен көшеттердің барлығы бірдей жерсініп, жайқалып тұр. Демалыс орнында футбол және воркаут алаңдары болғанын да қалайды. Ол үшін халық қатысатын бюджет бағдарламасына иек артпақшы. Бұған дейін бұл аудан тұрғындары аталған жоба аясында балалар ойын алаңына қол жеткізген еді.

«2022 жылдары халықтың ұсынысымен бөлінетін бюджет арқылы салынды, әкімдікке рақметімізді айтамыз. Халық үшін, ел үшін ғой. Енді қазіргі жағдайларын көріп отырсыздар. Вандализм бар, ұрлайды. Осыны сақтау үшін біз халық болып, мына Сая елді мекені болып кезек-кезек жинадық. Сонымен қатар мына балалар алаңының бергі жағына видеокамера орнаттық», - дейді  Серік Қожымов.

«Келесі жылға ол жерге біз футбол алаңы, баскетбол алаңы және воркаут алаңын орнатуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар алдағы уақытта демеушілердің көмегімен де жұмы істегіміз келеді. Серік ағамызға көп рақмет айтамыз. Өзі сол жерде халықты жинап, өзі ұйымдастырып, тазалыққа да атсалысып жатыр», - деп атап өтті Ақтөбе қ. Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов.

Серік Қожымовтың мамандығы – агроном. Зейнеткер өмірлік мол тәжірибесінің арқасында тал-терек өсіріп, саябақ ашуды жоспарлап отыр. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін қария болашақта Ақтөбеде тағы бір жасыл желегі жайқалған демалыс орнының пайда боларына сенімді.