«Қызық жағдай болды»: құлдықтан босатылған қыздарға қатысты қуанышты хабар жетті

Автор: Алмас Ерсін

Шымкенттен келген Үржамал апай қыздарға деп жинаған 60 мың теңгесін беріп, жылы лебізін жаудырып кетті

Фото: видеодан скриншот

Журналист Руслан Өтепбай бұрын құлдықта болған Құндыз бен Назгүлге қатысты қуанышты хабар таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін бір қызық жағдай болды. Бір айдан бері телефоныма Үржамал апай хабарласып, Құндыз бен Назгүлге атағаным бар деп кездесуімді өтінген болатын. Арнайы Шымкенттен келген Үржамал апай қыздарға деп жинаған 60 мың теңгесін беріп, жылы лебізін жаудырып кетті. Бұл ақшаны өзіңіздің бала-шағаңызға жұмсамайсыз ба десем: «тұрмыс құрмағанмын, балаларым жоқ»,-деп жауап берді», - деп жазды Өтепбай желідегі парақшасында.

Оның айтуынша 62 жастағы Шымкент тұрғыны қаладағы емханада санитар боп жұмыс істейді екен. Биыл 63 жасқа толып, зейнетке шығу керек.

«Бірақ басшылық «тағы бір жыл жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, жұмыс істеуге дайынмын,-дейді. Осы постты емхана басшылығы көрсе Ұржамал апайға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ал Құндыз бен Назгүлге аманаттаған ақшасын Таразға жол түскенде жеткізіп беремін. Үржамал апайдың қайсарлығы мен жүрегінің кеңдігі баршамызға үлгі болғай», - деп түйіндеді журналист.

Еске сала кетейік, былтыр Түркістан облысы Есік Шілік ауылында тұратын, 17 жыл ішінде жұпыны тірлік кешкен Назгүл бен Құндыз есімді екі қыздың жағдайына алаңдаған сыныптастары халықтан көмек сұраған еді. Сол кезде қыздардың бірінің жасы 32-де, екіншісінің жасы 27-де болды. Оларға немере ағасы Cәулебек Әбілдаев ресми түрде қамқоршы болған. Оның сөзінше, қыздарда анықталған туберкулез балаларына жұға ма деген қорқыныштан оларды оқшаулаған. Бөлек үйде тұрғызып, мал бақтырған.