Қызықтың бәрі той күні басталған
Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында тойға барып, өкініп қалғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жандарбек Бұлғақов ақындарды лайықты деңгейде бағаламайтын адамдарға ренішін жеткізді.
«Бір күні бір кісі қоңырау шалып, 40 жыл университетте ұстаздық еттім, сенің өнеріңді бағалайтын едім, тойыма келіп, менің еңбек жолымды айтып берші деді. Менің ақым осынша еді деп айтуға ыңғайсыздандым. Жағдайым онша емес еді, 200 мың теңге берсем бола ма деп өзі айтты. Үлкен кісі хабарласып тұрғаннан кейін, ұстазбын деген соң «жақсы, барайын» деп уәдемді бердім», - дейді ақын.
Қызықтың бәрі той күні басталған. Жағдайым жоқ деген той иесі бір топ әншіні алдырыпты.
«Мейрамхана барсам, арнау айтатын кезегім келмей қойды. Бүкіл эстрада жұлдызы жүр. Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі дейсің бе... бәрінің ақысын беріп алдырған. Менің сол кезде көңілім қалды. Сонша әншінің бәрі 200 мың теңгеге келген жоқ қой. Бірақ саған 200 мың береді, өйткені сен ақынсың. Халық «ақындар ананы айту керек, мынаны айту керек» дегенді қатырады да, бағалауға келген кезде «бұл ақын емес пе?» деп төмендетеді. Ештеңе демей, 200 мың теңгемді алып кеттім», - деп түйіндеді Жандарбек Бұлғақов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жандарбек Бұлғақов балалықпен ұрлық жасап, әкесінен оңбай таяқ жегенін айтып берген болатын.