Қазақстанның 9 қаласында ауа сапасы нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Синоптиктер тұрғындарға сақ болуды ескертті

Фото: © freepik.com

Қазақстанның бірқатар ірі қаласында 21 қыркүйекте ауа сапасы төмендейді. Синоптиктер тұрғындарға сақ болуды ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қай қалаларда жағдай күрделі болады?

«Қазгидромет» дерегінше, бүгін, 21 қыркүйек күні Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Ақтөбе, Орал қалаларында, сондай-ақ түнде Атырау, Қостанай, Алматы және Астана қалаларында қолайсыз метеожағдай күтіледі.

Бұл құбылыстар атмосферада зиянды қоспалардың шоғырлануына әсер етіп, олардың ұзақ уақыт таралмай қалуына себеп болады.

Қолайсыз метеожағдай деген не?

Қолайсыз метеожағдай – бұл атмосферадағы зиянды қоспалардың таралуына кедергі келтіретін табиғи факторлар:

  • штиль (ауа қозғалысының болмауы);
  • әлсіз жел;
  • тұман;
  • температуралық инверсия.

Мұндай жағдайда қала тұрғындары зиянды заттарды көбірек жұтады. Әсіресе, өндірістік аймақтарда немесе автокөлік қозғалысы тығыз көшелерде ауа сапасы күрт төмендейді.

Дәрігерлердің кеңесі

Мамандар халыққа мына кеңестерді береді:

  • ашық ауада көп уақыт өткізбеңіз;
  • көлік қозғалысы қарқынды көшелерден аулақ болыңыз;
  • терезелерді жиі ашпауға тырысыңыз;
  • балалар мен созылмалы ауруы бар адамдарға ерекше сақ болу қажет;
  • қажет болған жағдайда медициналық маска пайдаланыңыз.