АШМ еттің қымбаттау себебін түсіндірді

Автор: Дәулет Ботагөз

Ведомство баға қалай қалыптасатынын айтты

Фото: © istockphoto.com

Қазақстандықтар сиыр еті бағасының көтерілуіне алаңдаулы. Ауыл шаруашылығы министрлігі еттің түпкі бағасының қалай қалыптасатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Баға қалай қалыптасады?

АШМ мәліметінше, 1 келі сиыр етінің орташа өзіндік құны 2 800–3 100 теңгені құрайды. Оған 15% көтерме үстеме қосылғаннан кейін баға 3 400–3 500 теңге деңгейінде қалыптасады.

Салыстыру үшін көрші елдердегі бағалар:

  • Өзбекстан және Тәжікстан – 6 500 теңге/кг дейін
  • Ресей – 8 500 теңге/кг дейін
  • Қытай – 8 000 теңге/кг дейін
  • Түркіменстан – 9 000 теңге/кг дейін
  • Түркия – шамамен 13 000 теңге/кг

Неге еттің бағасы әртүрлі?

Баға тек өзіндік құнға ғана емес, ет бөлігінің категориясына да байланысты. Бір ірі қара малдың тірі салмағынан небәрі 50–60% ет алынады. Оның ішінде:

  • 15–20% – премиум-сегмент (вырезка, рибай, кострец)
  •  40–45% – орташа сегмент
  • 25% – төменгі категория
  • 15–20% – сүйек, май мен қиқым (нарықта ет ретінде сатылмайды)

Бағаны тұрақтандыру шаралары

АШМ сиыр еті нарығындағы бағаның шамадан тыс қымбаттамауы үшін бірқатар шаралар қабылдап жатқанын атап өтті:

  • Мал ұстау алаңдары мен шаруашылықтарға жеңілдетілген несие беру;
  • Ет өңдеуші кәсіпорындарды қолдау;
  • Форвардтық сатып алу және интервенциялар арқылы нарықты тұрақтандыру;
  • Антимонополиялық заңнаманың орындалуын күшейту.

Сонымен қатар, министрлік баға мониторингін тұрақты жүргізіп, өңірлік әкімдіктермен және сала ұйымдарымен бірге жұмыс істеп келеді.