Әлем чемпионы атанған боксшыларға 100 мың доллар берілетін болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Олардың бапкерлеріне де қомақты сома қарастырылған

Фото: Спорт министрлігі

Қазақстан бокс федерациясының (ҚБФ) президенті Шахмұрат Мүтәліпов әлем чемпионатының жүлдегерлеріне қосымша сыйақы берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетерлігі Қазақстан құрамасы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында 10 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Заң бойынша, мемлекет тарапынан спортшыларға жүлдесіне қарай сыйақы беріледі:

  • Алтын медаль – 15 мың АҚШ доллары;
  • күміс медаль – 7 мың АҚШ доллары;
  • қола медаль – 5 мың АҚШ доллары.

Белгілі болғандай, бұл сома бірнеше есе көбейтіледі.

«Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан сыйақы қарастырылған. Федерация тарапынан, егер бапкерді қоса есептегенде: бірінші орын – 100 мың доллар, екінші орын – 50 мың доллар, үшінші орын – 30 мың доллар төленеді.

Бас бапкерлерге қосымша 100 мың доллар қарастырылған – бұл ерлер және әйелдер құрамасының бас бапкерлеріне қатысты. Бұдан бөлек, аға жаттықтырушылар, бапкердің көмекшілері, психологтар, медицина қызметкерлері бар, олардың бәріне федерация атынан сыйақы беріледі», – деді Мүтәліпов.