Зардап шеккендердің арасында 4 бала бар
Павлодарда автобус пен Lada автокөлігі соқтығысып, салдарынан жеті адам зардап шекті, оның ішінде төрт бала бар. Барлығы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді:
«19 қыркүйек шамамен 16:40-та Сәтпаев – Торайғыров көшелерінің қиылысында автобус пен Lada автокөлігі соқтығысты», – делінген полиция хабарламасында.
Жедел жәрдем қызметінің баспасөз қызметі де зардап шеккендер жайлы нақты ақпарат берді.
«Жолаушылар автобусы мен жеңіл автокөліктің соқтығысқаны жөнінде шақыру сағат 16:38-де түсті. Жеті адам зардап шекті, олардың ішінде төрт бала бар. 1937, 1969 және 1989 жылы туған үш әйел Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізілді. 2013 жылы туған қыз бала және 2012, 2016, 2017 жылдары туған үш ұл бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», – деп нақтылады «103» қызметі.