Күдіктілердің бірінен 21 ұялы телефон, 48 SIM-карта және модем табылды
Қостанай облысында интернет-алаяқтарға көмектесіп жүрген 16 жасөспірім қолға түсті. Олардың әрекетінен қазақстандықтарға 80 млн теңгеден астам шығын келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, олардың бірі – Лисаков қаласының 18 жастағы тұрғыны. Ол жаңа SIM-карталарды алаяқтарға жеткізіп жүрген. Кейін осы нөмірлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған аккаунттар ашуға пайдаланылған.
Тінту барысында оның үйінен 21 ұялы телефон, түрлі операторлардың 48 SIM-картасы және модем тәркіленді. Мұның бәрі қазақстандықтарды алдау үшін қылмыстық схемаларда қолданылған. Алматы, Астана, Ақтөбе, Қостанай және Семей қалаларының тұрғындары зардап шеккен бес қылмыстық іс бойынша келтірілген шығын 80 миллион теңгеден асты.
Азаматтар нөмірлердің жалған тұлғаларға тіркелгенін білмесе де, ақша аударып отырған.
Тергеу барысында полиция 17-20 жас аралығындағы тағы 15 жасөспірімнің осындай заңсыз әрекеттерге тартылғанын анықтады. Кәмелетке толмағандардың қылмысқа қатысқаны үшін үшін тек өздері ғана емес, ата-аналары да қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
«Құқық қорғаушылар жастардың қылмыстық схемаларға тартылуына жол бермеу үшін Білім басқармасымен бірлескен профилактикалық іс-шараларды бастады.
Сонымен қатар полиция Қылмыстық кодекске енгізілген соңғы түзетулерді еске салды. Мәселен, енді алаяқтарға жеке деректерін немесе SIM-карталарын беретін «дропперлерге» 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция азаматтарды мұқият болуға шақырады: күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер, банктік карталарыңыздың деректерін және тіпті «таныс» адамдарға да мессенджерлердегі бір реттік кодтарды хабарламаңыздар», – делінген облыстық ПД хабарламасында.