Алматы көшелеріне бұрын-соңды болмаған жаңа камералар орнатылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Бұл қадам құқықбұзушылықтарға жедел әрекет етуге және алдын алуға мүмкіндік береді

Фото: Kolesa.kz/Тимур Еникеев

Алматыда жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында заманауи бейнебақылау камералары іске қосылды. Жаңа жүйе бір мезетте бірнеше жолақтағы қозғалысты қадағалап, нөмірлерді де, адамдардың бет-жүзін де анықтай алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жолдағы тәртіпті бақылау күшейді

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ішкі істер органдары полиция қызметіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізуде. Бұл қадам құқықбұзушылықтарға жедел әрекет етуге және алдын алуға мүмкіндік береді.

Жаңа камералардың мүмкіндіктері

Интеллектуалды жоба аясында орнатылып жатқан құрылғылар:

  • бір уақытта 8 жолақтағы қозғалысты бақылауға мүмкіндік береді;
  • 360 градусқа дейінгі бұрышпен бейнежазба жасайды;
  • көлік нөмірлерін автоматты түрде оқиды;
  • адамдардың бет-жүзін тануға қабілетті.

Мақсат – қауіпсіз қала құру

Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл технологиялар жолдағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттырып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.