Қарағанды облысында саңырауқұлақ теріп жүрген қарт кісі адасып кетті
ТЖМ құтқарушылары адасқан әйелді тапты

Қарағанды облысында саңырауқұлақ теріп жүрген қарт кісінің адасып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, кеше Қарағанды облысының құтқарушыларына Абай ауданы Сарепті ауылдық округі Қойбас ауылының маңындағы орман алқабында 1960 ж.т. әйел саңырауқұлақ жинап жүріп жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Түні бойы жалғасқан іздеу жұмыстары әйелдің ұялы байланысының болмауымен және қараңғы уақытының басталуымен қиындады. Орман алқабын зерттеу үшін құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратын және кинологиялық есептобын іске қосты.
«Бүгін күндіз ТЖМ іздеу тобы полиция қызметкерлерімен бірлесіп жоғалған әйелді елді мекеннен 2 км қашықтықта тапты. Медициналық көмекке мұқтаж болмаған әйелдің күйеуі құтқарушыларға алғыс білдірді.
ТЖМ еске салады: орманға аттанған кезде зарядталған телефон, су және тамақ алып барыңыз. Жақындарыңызға өз маршрутыңыз туралы хабарлап, ешбір жағдайда орманға жалғыз бармаңыз!» – делінген ПД хабарламасында.