«Бұрын-соңды болмаған жағдай»: ҰКҚ Алматыдан табылған есірткіге қатысты тың мәлімет айтты
Қазір тергеу жүріп жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі 6-басқарма бастығының орынбасары Нариман Ахмет жақында Алматыдан табылған 13 тонна есірткіге қатысты тың ақпарат айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«AMANAT» партиясының жастар кеңесінің отырысында Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы жақында елімізде бұрын-соңды болмаған, аса ірі көлемде шамамен 13 тонна кокаин тәркіленуіне қатысты сұрақ қойды.
«Бұл есірткі Оңтүстік Америкада өндірілетіні белгілі, алайда оның біздің аумаққа қалай кіріп кеткені түсініксіз. Мәселе тек оның табылуында емес, осыншама көлемде елімізге қалай жеткенінде болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай жағдайдың қайталанбауына қандай кепілдік бар? Бұл ҰҚК Шекара қызметінің әлсіздігінен туындап отырған жоқ па? Жалпы осындай ірі көлемдегі есірткі трафиктерінің жолын кесу үшін қандай нақты шаралар жоспарланып отыр?», - деп сұрақ қойды депутат комитет қызқметкеріне.
Нариман Ахмет атағандай, Алматы облысы аумағында шамамен 13 тонна кокаинның тәркіленуі – бұрын-соңды болмаған жағдай.
«Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды, кешенді тергеу жүріп жатыр. Шетелдік азаматтар ұсталды. Олардың қай елден екенін айта алмаймыз. Осыған байланысты тергеудің мүддесі үшін нақты деректер әзірге жарияланбайды», - деді ол.
Комитет өкілі аталған есірткі көлемінің табылуына органдар бірлесіп жұмыс істегенін айтты.
«Мұндай ірі көлемдегі партия шекарадан қалай өтті?» деген сұраққа келсек, айтарымыз: аталған маршрутты анықтап, жолын кесу дәл құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірлескен ұзақ жұмысының арқасында мүмкін болды. Қазір барлық сызбалар мұқият талданып, кедендік және шекаралық бекеттерде бақылау күшейді», - деді Нариман Ахмет.
Еске салсақ, қыркүйектің басында Алматы қаласында республика тарихындағы ең ірі бір жолғы кокаин партиясы – 13 тонна 183 килограмм тәркіленген еді.