ШҚО-да 27 жастағы ер адамнан құны 1 млн теңгенің есірткісі табылды
Тергеу барысында 33 түйіншек табылды
ШҚО-да полицейлер құны миллион теңге болатын мефедрон есірткісін тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, Алматының 27 жастағы тұрғынын ұсталды. Жеке тінту кезінде одан қара және сары түсті таспамен оралған 33 түйіншек табылды. Ішінде ақ ұнтақ зат болған.
Сараптама нәтижесінде, бұл – жалпы салмағы 42,7 грамм мефедрон екені анықталды. Бұл – 40-тан астам бір реттік дозаның көлеміне тең. Қара нарықтағы бағасы бір миллион теңгеден асады.
«Қазіргі уақытта «Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткі айналымына қатысты заңсыз әрекеттердің ауыр зардаптарын еске салады және азаматтарды өз денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ заңды қатаң сақтауға шақырады», – делінген хабарламада.