Жаңа заң күшіне енді
Әзербайжанда 2025 жылғы 1 шілдеден бастап туыстар арасындағы некеге шектеу енгізілді. Енді биологиялық әже немесе атасы бірдей балалардың арасындағы некелерге тыйым салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Oxu.Az пен Xəzər TV мәліметіне сүйенсек, жаңа шектеу енгізілгеннен кейін некелер саны айтарлықтай қысқарды. Мысалы, шілдеде тіркелген некелер саны 2 694, ал алдыңғы айларда көрсеткіштер 3 000-5 000 аралығында болған.
Социолог Узеир Шафиевтің айтуынша, туыстар арасындағы некеге тыйым салу некелер санына айтарлықтай әсер етті. Сонымен қатар, жастардың отбасылық институтқа қызығушылығының төмендеуі де әсер еткен.
2025 жылғы қаңтар-шілде аралығында Әзербайжандағы Әділет министрлігінің тіркеу бөлімдері 12 146 ажырасу тіркеген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда ажырасу деңгейі әр 1 000 адамға шаққанда 2.1-ден 2.0-ге төмендеді.