OpenAI ChatGPT-де жасөспірімдерге шектеулер енгізеді

Автор: Аягөз Құрмаш

18 жасқа дейінгі қолданушылар тек шектеулі нұсқаны пайдаланады

Фото: freepik.com/ЖИ арқылы жасалды

OpenAI компаниясы АҚШ-та жасөспірімнің қайғылы өлімінен кейін ChatGPT платформасында қосымша қауіпсіздік шараларын енгізетінін жариялады. Енді 18 жасқа толмаған қолданушыларға арнайы шектеулі нұсқа ұсынылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жүйеде ата-ана бақылауы, қауіпті тақырыптарды сүзгілеу және қосымша қауіпсіздік функциялары қарастырылған.

Өткен тамызда Калифорния тұрғыны, 16 жастағы Адам Рейннің ата-анасы OpenAI мен оның басшысы Сэм Альтманды сотқа берген. Олар ChatGPT ұлының өліміне себеп болды деп айыптады.

Ата-ананың айтуынша, жасөспірім ChatGPT-ден өзіне қол жұмсау тәсілдерін сұраған, жүйе оған егжей-тегжейлі кеңестер беріп қана қоймай, тіпті алдын ала жазылған жазбаның үлгісін де ұсынған.

OpenAI мәліметінше, енді жасанды интеллект пайдаланушының жасын арнайы технологиялар арқылы анықтап, қажет жағдайда жеке басын растауды талап етеді.

18 жасқа дейінгі қолданушылар тек шектеулі нұсқаны пайдаланады.

Онда ата-ана бақылауы еніп, ата-аналар чаттарды көре алады, баласының белсенділігін қадағалай алады және шектеулер қоя алады.

Жүйе сексуалды сипаттағы контентті, флиртті және өз-өзіне қол жұмсау тақырыптарын бұғаттайды.

Егер алгоритм қолданушының ауыр күйзеліске түскенін байқаса, OpenAI ата-анамен байланысуға тырысады, ал шұғыл қауіп төнсе тиісті органдарға хабарлауы мүмкін.

Компания бұл қадамдарды жасөспірімдерді қорғау үшін жасалғанын атап өтті.

OpenAI бұған дейін пайдаланушылардың әңгімелерін қауіпті контентке тексеретінін растаған. Егер адамға немесе ұйымға нақты қауіп төнсе, аккаунт бұғатталып, ақпарат құқық қорғау органдарына берілуі мүмкін.

Алайда, өзін-өзі жарақаттау немесе суицидке қатысты әңгімелер құпия сақталады деп мәлімдеген еді. Бұл саясаттың өзгеруі кей сарапшылар арасында түсінбеушілік туғызуда: қай жағдайда ақпарат құпия қалады, қай жағдайда полицияға жіберіледі деген сұрақтар ашық күйінде тұр.

Сонымен қатар, OpenAI бір жағынан қолданушылардың құпиялылығын қорғаймыз десе, екінші жағынан сот істерінде чат тарихын беруге мәжбүр болуы мүмкін екенін де мойындаған.

OpenAI бас директоры Сэм Альтман компанияның бұл шаралары кәмелетке толмағандарды қорғауға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, ересек қолданушылар үшін құпиялылықтың шектелуі қауіпсіздік үшін жасалған мәжбүрлі қадам.