«500 мың теңгеге дейін алған»: мигранттардың заңсыз келуіне көмектескен қылмыстық топ ұсталды

Автор: Асыл Арман

Түркістанда заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарында 11 қыркүйек күні криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұсталғандар мен тәркіленген заттар

ІІМ мәліметінше, топтың төрт негізгі ұйымдастырушысы мен олардың қатысушылары уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу барысында олардың көрші елдерден келген азаматтарға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды. Күдіктілер өз қызметі үшін әрбір мигранттан 500 мың теңгеге дейін ақша алған.

Жүргізілген тінту кезінде шетелдік паспорттар, жалған құжаттар, электронды тасымалдаушылар және байланыс құралдары тәркіленді.

Қылмыстық баптар мен тергеу

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде:

  • Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру;
  • Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту.

Ішкі істер министрлігінің ескертпесі

Министрлік көшіп-қону заңнамасын бұзудың кез келген дерегі жазасыз қалмайтынын ескертеді. Заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.