Ол Қорағаты ауылының маңында ұсталды
Жамбыл облысында 30 жастағы ер адам 12 келіден астам жабайы қарасора жинап алған. Ол осы ісі үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 2025 жылдың тамыз айында болған. Облыс тұрғыны алдын ала қап, қоқыс пакеттері және қолғап алып, Тұрар Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылының шетіне барған. Сол жерде жабайы қарасораны заңсыз жинап жатқан сәтінде полиция қызметкерлері оны ұстап алған. Тінту кезінде салмағы 12 келіден асатын кептірілмеген марихуана табылып, тәркіленді.
Істі Тұрар Рысқұлов аудандық соты қарады. Сотта ер адамның кінәсі тергеу хаттамасы, сараптама қорытындысы және фотоматериалдармен дәлелденді.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты. Прокурор оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігіне (аса ірі көлемде есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз иемдену және сақтау) сәйкес шешім шығарып, оны кінәлі деп таныды. Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде айыпталушының өкінуі мен оң мінездемесі ескерілді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Сот үкімі бойынша ер адам 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.