БҚО-да 10 адамды жалған хабарламамен алдап кеткен күдікті ұсталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Әлеуметтік желіде жалған хабарламалар таратқан

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері 31 жастағы Ақтөбе тұрғынын ұстады. Ол әлеуметтік желілерде жалған хабарландырулар жариялап, азаматтарды оқу орындарын ауыстыруға немесе жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деп сендірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның алаяқтыығынан 10 тұрғын зардап шегіп, жалпы 1 млн 400 мың теңге шығынға ұшыраған.

Алматыда ұсталып, Оралға жеткізілді

Киберқылмыспен күрес басқармасының жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті Алматы қаласында ұсталып, Оралға жеткізілді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қылмыстық іс қозғалды

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен іс қозғалды.

Заңға сәйкес, айыпты деп танылған жағдайда мынандай жаза қарастырылған:

  • екі-үш еселенген мөлшерде айыппұл,
  • үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу,
  • мүлкін тәркілей отырып, бас бостандығынан айыру.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.