Жамбыл облысында жұмысынан заңсыз қуылған тәжірибелі ұстаздар директорды сотқа берді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Заңсыз жұмыстан шығарылған үш мұғалім қызметіне қайта орналастырылды

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысының Жуалы аудандық соты үш педагогтың мектеп директорына қарсы шағымын қанағаттандырып, оларды бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы шешім шығарды. Сонымен қатар оларға 10 млн теңгеден астам өтемақы төленетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Даудың басы

Мектеп директоры мұғалімдерді зейнет жасына жетуіне байланысты алдын ала келісімді мерзімінен бұрын бұзу туралы жазбаша ескерту жасаған. Бұл еңбек заңнамасына қайшы деп танылды.

Соттың түсіндіруінше, еңбек шарты бойынша мұғалімдер зейнет жасына толғаннан кейін де оқу жылы аяқталғанша жұмыс істеуге құқылы болған. Ал директор бір ай бұрын ескерту міндетін орындамаған.

Сот шешімі

Мұғалімдердің талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды. Оларды жұмыстан шығару туралы бұйрықтар заңсыз деп танылды, педагогтар бұрынғы қызметіне қайта орналастырылды, мәжбүрлі түрде бос жүріп қалған уақыт үшін 9 млн теңгеден астам еңбекақы, 300 мың теңге моральдық өтемақы, 900 мың теңге өкілдік шығындары өндіріледі.

Жалпы өтемақы көлемі 10 млн теңгеден асты.

Алайда сот шешімдері әлі заңды күшіне енген жоқ.